STEM олимпиадасының үздік жобалары елордада пилоттау мүмкіндігіне ие болады
Инновациялық экожүйені дамыту жаңа технологияларды енгізусіз, қолданыстағыларын жақсартусыз, технологиялық шешімдерді басқарусыз және масштабтаусыз мүмкін емес. Бірақ, ең бастысы, ақылды және креативті инноваторларсыз мүмкін емес. Олардың қатары көбеюі үшін Нұрсұлтан қаласының әкімдігі STEM бағытын тұрақты түрде дамытып келеді. STEM-тәсіл барлық пәндердің байланысына негізделеді, мұнда студенттер пәндерді жеке-жеке зерттемейді, олар теориялық білімді қолдана отырып, жобалар жасайды. Нұр-Сұлтан мектептерінде 50-ден астам STEM зертханалары жұмыс істейді.
Елордада алғашқы STEM олимпиадасы 2018 жылы өтті. Үш жыл ішінде екі қалалық олимпиада және бір республикалық олимпиада өткізілді. SТЕМ олимпиадаларында оқушылар 4 бағыт бойынша жобалар дайындайды: ғылым, технология, инженерия және математика. Содан кейін «үй тапсырмасы» ретінде ақылды үйлерден бастап, ковидке қарсы қосымшаларға дейінгі әртүрлі салалардағы тұрғындардың өмірін жеңілдететін және жақсартатын жобаларды ұсынады. Мұндай конкурстарда қазылар алқасы ретінде сарапшылар, тиісті ұйымдардың басшылары мен мамандары қатысады. Жас инноваторларды қалай қызықтыру және STEM олимпиаданы не үшін өткізу керектігі туралы «Astana
Innovations» АҚ Инновациялық экожүйені дамыту орталығының бас менеджері Данияр Құрманбаев айтып берді.
Данияр, steam олимпиадасын өткізу идеясы қалай пайда болды?
-STEM бағыттары бойынша олимпиада өткізу идеясы 2017 жылы, елорда мектептерінде алғашқы STEM зертханалар жұмыс істей бастаған кезде пайда болды. Ұйымдастыру құлшынысы болғанымен, бірақ оны қалай және қандай форматта өткізу керектігін ешкім түсінбеді. Бізді американдық Science Olympiad шабыттандырды, онда тапсырмалар қатысушылар мектепте оқыған теория негізінде өздерінің практикалық дағдыларын барынша көрсете алатындай етіп жасалады.
STEM олимпиадасы не үшін және кім үшін өткізіледі?
- Ең алдымен, бұл өзекті пәндерді, инженерлік және жаратылыстану ғылымдарын оқуға деген қызығушылықты арттыру мақсатында өткізіледі. Әрине, мұндай олимпиадалар оқушылардың зерттеу әлеуетін дамыту үшін қажет. Сонымен қатар, біз олардың ғылыми қызметке қызығушылығын материалдық сыйлықтармен марапаттаймыз. Іріктеуден өткен 5-11 сынып аралығындағы кез келген оқушы Олимпиадаға қатыса алады.
Осы уақытқа қанша оқушы олимпиадаға қатысты?
- 3 жыл ішінде іріктеу мен олимпиаданың финалдық кезеңіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен 14000-нан астам оқушы қатысты. 2018 жылы қалалық STEM олимпиадасына 100 оқушы, 2019 жылы республикалық STEM олимпиадасына 500-ге жуық оқушы қатысты, 2020 жылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты тағы бір қалалық STEM олимпиадасын өткізді, оған 150 адам қатысты. 2021 жылы 550 адамға арналған республикалық олимпиада өткізуді жоспарлап отырмыз.
Іріктеу процесі қалай ұйымдастырылды, қазылар алқасына кім кірді?
- Алдымен елорданың барлық мектептеріне, сондай-ақ облыстық білім басқармалары арқылы еліміздің басқа өңірлеріндегі мектептерге олимпиада туралы ереже жіберіледі. Содан кейін мектептер тілек білдірушілер арасында өздерінің іріктеуін өткізеді, содан кейін өткен оқушылар арнайы тапсырмаларды орындайды, мысалы, «Голдберг машинасын» жинап, нәтижесін әлеуметтік желілерге (youtube. Instagram және т.б.) жүктейді. Соңғы шешімді қазылар алқасы қабылдайды. Қазылар алқасының құрамына «Астана Innovations» АҚ сарапшылары, STEM Academia әдіскерлері мен оқытушылары, сондай-ақ білім басқармасының өкілдері кіреді.
Нәтижесінде жеңімпаздар не алады?
- Мақсаттардың бірі – STEM пәндерін оқуды ынталандыру. Біздің олимпиадада балалар жүлде ретінде 3Д принтерлер, Ардуино және Лего робототехника жиынтығын, Windows Mixed reality шлемін, планшеттерді, ноутбуктер мен ұялы телефондарды алады. Қазір университеттер мен колледждерге гранттар беру туралы мәселе пысықталуда. Үздік жобалар пилотталу мүмкіндігіне ие болады, яғни олардың жобаларын немесе шешімдерін елорданың аудан әкімдіктерімен бірлескен «Ақылды
аудан» жобасы шеңберінде іске асыру мүмкіндігі пайда болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Astana IT University-де жыл сайынғы «STEM олимпиадасы -
COVID-19 жағдайын жақсарту бойынша шешімдер» іс-шарасы өтті, оған 44 мектеп командасы, барлығы 90-ға жуық оқушы қатысты. Олимпиадада басты жүлде ретінде камерасы бар дрондар, оқыту бағдарламасы кіріктірілген планшеттер, смартфондар, электрондық кітаптар және 200,000 теңгеге сертификат табысталды.